Экономикалық сот залынан

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Экономикалық сот «ТУ-ГУР» ЖШС-н банкрот деп таныды

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының өндірісінде арыз беруші «Қазақстан Республикасының қаржы  Министрлігінің  мемлекеттік  кірістер  Комитеті  Атырау  облысы  бойынша  мемлекеттік  кірістер  Департаментінің Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің борышкер «ТУ-ГУР» ЖШС-н банкрот деп тану туралы арызы бойынша азаматтық іс қаралды.

Кредитор өзінің талабында борышкерің салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі барын, ол 339 183 046 теңге негізгі қарыз, 288 363 369 теңге өсімпұл, 102 243 772 теңге айыппұл, барлығы 729 790 187 теңгені құрайтынын көрсеткен.

Сотта ұсынылған мәліметтер мен құжаттарға сәйкес борышкердің төлемге қабілетсіз екендігі анықталды.

Сот шешімімен арыз қанағаттандырылып, борышкер банкрот деп танылды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен жасалған медиация

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында «АтырауЭнергосату» ЖШС-нің «АтырауЭнергоСтройПроект» ЖШС-нен берешек сомасын өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс қаралды.

Іс сот іс жүргізуіне оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қабылданған болатын, яғни тараптарды сотқа шақырмай, оларға пікір, құжаттар, дәлелдемелер ұсынуға берілген мерзім аяқталғаннан кейін қаралуға жатады.

Сот белгілеген мерзім аяқталғанға дейін сотқа тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы екіжақты өтінішхаты келіп түсті. Медиатор ретінде тараптар іс жүргізуінде іс жатқан судьяны таңдады.

Медиация жүргізілгеннен кейін тараптар дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасақтады.

Сот ұғарымымен тараптар арасында жасақталған медиациялық келісім бекітіліп, азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.

Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.

Тараптардың келісімге келуіне кәсіпқой медиатор көмектесті

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында «INDCOM Engineering» ЖШС-нің «МунайТрансСервис и К» ЖШС-не 2017 жылғы 31 мамырдағы №ИК-1-05-/2017 шартты бұзу туралы және  «МунайТрансСервис и К» ЖШС-нің «INDCOM Engineering» ЖШС-не №2, 3 қосымша шарттарды, жұмыс жасалған актілерді жарамды деп танып, 30 920 500 теңге берешегін өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс қаралды.

Істі сот талқылауында қарау барысында сот тараптарға істі татуласу рәсімдерін қолдану арқылы аяқтауды ұсынды, татауласу келісім, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу тәртібін, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу тәртібін, олардың құқықтық салдарын, артықшылықтарын түсіндірді.

Сот талқылауы барысында тараптар сотқа дауды медиация тәртібімен реттеу туралы «Tura bi» Медиация және сот төрелігін қалпына келтіру орталығы» қоғамдық бірлестігінің кәсіпқой медиаторы Рамазан Тлеуханмен өткізілген медиациялық келісімді ұсынды.

Медиацияны жүргізу нәтижесінде тараптар дауды сот медиациясы тәртібінде ретттеу туралы келісім жасақтады.

Сот ұйғарымымен аталған іс бойынша тараптардың дауды медиация тәртібінде ретттеу туралы келісімі бекітіліп, азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.

Сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметі