Қылмыстық теріс қылық жасағандар медиация тәртібімен татуласты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Атырау облысының Қызылқоға аудандық сотында Қазақстан Республикасының ҚК-нің 379-бабының 1-бөлігімен айыпталған сотталушылар О.С. мен Т.С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот отырысында анықталғандай, сотталушылар алкогольдік масаң күйде Қызылқоға аудандық ІІБ-нің ауласына кіріп, ғимараттың сыртқы есігін қағып, бөлім ғимаратында кезекшілікте қызметтік міндетін атқарып тұрған кезекші полиция мойоры Е.Г. мен ғимарат кұзету тобының қызметкері полиция кіші сержанты Б.М.-ның ғимарат ауласынан шығуды талап еткен ескертуін тындамай, билік өкілінің заңды талабына бағынбай қылмыстық теріс қылық жасаған.

Басты сот талқылауында жауапталған сотталушылар тағылған айыпты толықтай мойындап, кешірім сұрап, жәбірленушілермен кәсіби емес медиатордың ықпалымен  медиация тәртібімен татуласып, келісімге келген.

Сот қаулысымен сотталушылар О.С. мен Т.С.-ға қатысты Қазақстан Республикасының ҚК-нің 379-бабының 1-бөлігімен айыпталған қылмыстық іс тоқтатылып, ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігі негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

Қайнар: 
Атырау облысы Қызылқоға аудандық сотының баспасөз қызметі