Мәңгілік рух, өшпес даңқ!

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Мәңгілік рух, өшпес даңқ

Ұлы Жеңіс мерекесі  - бұл Атырау облысы судьялары корпусы үшін қадірлі де қасиетті. У.Тұрымов, Ә.Қайнарбаев, Қ.Айтешов, У.Мырзалиев сынды судьялар сол сұм соғыстың қатысушылары болған. Олардың есімдері сот жүйесінің шежіре-жылнамасына мәңгілікке енді. Өткен жылы сот ғимаратында батырлардың аты-жөні жазылған мемориалдық тақта  салтанатты түрде ашылды. Бұл жылы да біз соғыс жылдарында қан майданға аттанған әріптестеріміздің ерлігі туралы сыр шертетін «Мәңгілік рух, өшпес даңқ» айдарындағы шығарылымдар легін жалғастырғалы отырмыз.

Ол еңбек сіңірген заңгер, Қазақстан Республикасының құрметті судьясы еді 

Ұлы Отан соғысының қатысушысы Тұрымов Уағап Тұрымұлы 1923 жылы ел басына қаралы күн туған жылдары дүниеге келген. Жастайынан жетім қалып, атасының тәрбиесінде болған. Еңбек жолын ерте бастап, ал елге жау шапқанда майданға ерікті ретінде қатысты.

Жаяу әскер қатарында соғысқан. Белгород майданының Курск Доғасында ауыр жарақат алып, сол жақ қолынан айырылған. Тек 1981 жылы ғана  оның денесінен сол бір кездері қасында жарылған снарядтың  жарқыншағы ұшқыны алынды.

Алматы заңгерлік мектебін бітірген соң 1948 жылдан бастап халық судьясы болып қызмет атқарады. Алматы Мемлекеттік Заң институтында сырттай оқып, жоғары заңгер білімін алып шыққан. 1970 жылдан 1981 жылдар аралығында Гурьев облыстық сотының төрағасы болып, кейін құрметті демалысына шыққан.    

Заңгер болып қызмет жасаған жары Роза Шарипжановамен бірге жоғары білімді 5 бала тәрбиелеген. Олардан 8 немере, 12 шөбере сүйді.

«1 дәрежелі Отан соғысы» орденімен, жауынгерлік және еңбек медальдарымен марапатталған. «Қазақ ССР-нің екбек сіңірген заңгері», «Қазақстан Республикасының құрметті судьясы» атақтарының иегері.

Қайрат Мәмидің ұстазы және тәлімгері

Жастайынан әділ, өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білетін Уағап Тұрымов жас кадрларды тәрбиелеуге ерекше назар аударып, өз тәжірибесінен барлық нәрсені үйретуге тырысты.

Республикаға танымал көптеген сот және құқық қорғау органдарының қызметкерлері Уағап Тұрымовты өздерінің тәлімгері және ұстазы екендігін мақтанышпен айтады. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының төрағасы Қ.Мәми, Жоғарғы Соттың судьялары К.Шаухаров, Б.Токметова, Т.Кожан, сот жүйесінің ардагері Ш.Дәурешов және тағы басқалары бар.

Атырау қаласы көшелерінің біріне Уағап Тұрымовтың есімі берілген.

Танымал заңгердің өмірлік жолы 2005 жылдың 27 тамызында аяқталды.

 

Қайнар: 
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі