Әркім өз ісіне жауапкершілікпен қарауы тиісті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау
Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 2012 жылы 11 214 іс қараса, оның 294-і кері қайтарылған. Ал 2013 жылғы 15627 істің 331-і кері қайтыпты. Аталған соттың судьясы Самал Әбуғалиеваның  айтуынша, құжаттардың кері жіберілуіне хатамалардың дұрыс толтырылмауы, іс құжаттарының жеткіліксіз болуы жиі себеп болып отыр. Қағаз жүзіндегі кейбір олқылықтардың сот процесі барысында түзетіліп жататыны да бар.
-Көп ретте хаттаманың толтырылуы әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 635 бабына сай келмейді. Оны толтыру кезінде әкімшілік құқық бұзушылық фабуласының нақты көрсетілмейтіні де бар,-дейді С.Абуғалиева.
Атырау облысы бойынша сот актілерін орындау департаменті басшысының орынбасары Күләнда Қыстаубаева келтірген деректерге сүйенсек, облыста 2013 жыл бойынша сот шешімін орындаудан жалтарған, сот орындаушысының шақыртуына келмеген, сот орындаушы талабын орындаудан бас тартқан 752 борышкерге қатысты әкімшілік іс сотқа жолданып, оның 590-ына әкімшілік айыппұл салынып, 203 борышкер әкімшілік қамауға алынса, 7 іс толықтыру үшін кері жіберілген, тағы екі іс сотпен қысқартылған. 
Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айғақтық заттар, құқық бұзушылық жасаған кезде пайдаланған құралдар сот қаулысы бойынша мемлекет пайдасына тәркіленуге жатады. Әкімшілік құқық бұзушылық қаулының айғақты заттарды мемлекет пайдасына тәркілеу туралы бөлігі сот орындаушыларға қаулы заңды күшіне енгеннен соң орындауға  түседі. Сол  кезде сот орындаушы айғақты  зат тұрған жерге барған кезде айғақтық заттар ұрланған, тоналған, болмаса мүлдем жоқ болып жатады. Оның себебі уәкілетті орган қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған кезден бастап  айғақтық затқа немқұрайлы қарағанынан және 1998 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған «Соттардың, прокуратураның, алдын-ала тергеу, анықтау, сот сараптамасы органдарының қылмыстық, азаматтық істер жөніндегі және әкімшілік құқық бұзушылық істері туралы құжаттарды, заттай дәлелдемелерді алу, есепке алу, сақтау, беру және жою тәртібі туралы Нұсқаулық талабы  сақталмауынан.
Мәселен, компьютерлер мен ойын автоматтары тәркіленді делік. Оларды, әсіресе, көп көлемде болған жағдайда сақтайтын орын жоқтықтан жауапты кісінің атына сақтау қолхатын жазып қалдырады. Жауапты тұлғадан қулық артылған ба: жалма-жан оргтехниканың чипін ағытып алып, ішіндегі қажетті құралдарын алып, құр корпусын қалдырады. Қалған дүниелер тоналған күйінде сот орындаушыға жетеді, сатқан жағдайда ешқандай құны болмайтындықтан өтпейді. Аукционның екі тәсілі ағылшындық, голландық тәсілдермен өтпегесін комиссиялық дүкендерге қойылып, мерзімі өткесін қайтарымсыз мемлекеттік мекемелерге берілуі тиіс. Ол мекемелер құр корпусты қайтсын, әрине, алмайды. Бұл айтылған тек компьютерлерге қатысты емес. Браконьерлер балық аулауға мініп барған автокөліктер тәркіленеді. Лицензиясыз сатылған қымбат арақ-шараптар тәркіленеді.
-Сот істі қараған кезде осы айғақтық заттарға мән берсе екен дейміз, ең болмаса, айғақтық заттың бар-жоғын тексерсе. Себебі, сот істі қарағанға дейін борышкерлердің автокөліктерді иелігінен шығарған, бөлшектеп сатып жіберген, арақ-шараптарды жойып жіберген, қымбат арақтардың бөтелкелеріне су құйып қойған кездері анықталып жатады. Қылмыстық Кодекстің 357 бабы бойынша айғақтық затты жойған, бүлдірген жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс. Алайда біздер     құқықбұзушының үстінен аталған бап бойынша қылмыстық іс қозғау үшін  ұсыныс жолдай алмаймыз. Себебі, уәкілетті органмен айғақтық затты қарау, алу, іске тіркеу хаттамалары жасақталмаған, сауатты жауапкершілігі ескертілген сақтау қолхаттары алынбаған,-деген Күләнда Орынбасарқызы хаттама толтырылған кезде айғақтық затты мұқият қарап, санынан бастап маркасына дейінгі барлық мәліметтер толық хаттамаға толтырылуы керек, сот істі қараған кезде осыған назар аударса деген пікірін нақтылады.
Бұдан басқа да азық-түлік сияқты тез бұзылатын заттардың  қалай тәркіленетіні, сақталмайтыны 2002 жылғы 26 шілдедегі №833 санды мемлекет пайдасына тәркіленгу жататын мүлікті сақтау, бағалау, сату туралы Ереже талабы да уәкілетті органдармен мүлдем орындалмайды. Ереженің  талабы бойынша тез бұзылатын заттар егер иесіне қайтарылуға жатпаса  уәкілетті орган оларды сатып, ақшасы сол органның депиозиттық шотында  сақталуы тиіс. Сотқа құжат түскенде тек қана мемлекетке өткізілген ақшаның түбіртегі болуы тиіс. Осы жағдайды істі қараған сот та, іске қатысушы прокурор да ескермей жатады. Сот қаулысы сот орындаушысына түскен кезде ғана «мемлекет пайдасына тәркіленуге тиіс мүлік неге тәркіленбейді» деп сот орындаушысын жазықты қылатыны бар.
Атырау қалалық прокуратурасының прокуроры Ерлан Құтқожа өз кезегінде тергеу кезінде кейбір деректердің дұрыс анықталмауы салдарынан заңға қайшы әрекеттер орын алатынын жеткізді. Атап айтсақ, кәмелетке толмаған үш баласы бар әйел уақытша қамауға алынған. Осындай олқылықтарға жол бермеу барлық органдардың қызметкерлерінің қаперінде болуы тиіс.
Дөңгелек үстел кезінде, сонымен қатар, сот практикасы кезіндегі заңдық реттеу проблемалары қарастырылып, қатысушылар мұндай шаралар әкімшілік істерді рәсімдеу сапасына оң әсер етеді деген сенімдерін білдірді.

Құралай Қуатова