Тіл - ұлттың жан дүниесі

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау
Қазақта «Толған ел – тарихын таспен жазады, тозған ел – тарихын жаспен жазады» - деген сөз бар. Біз ұлы көштің ортасымыз. Күлтегін бабамыз тасқа жазған қазақ тілі, «Есім ханның ескі жолы» «Қасым ханның қасқа жолы», Әз Тәукенің « Жеті жарғысы», бергісі абыз-жыраулардың, Абайдың, Мағжанның ойлы да сұлу жырлары, Мұхтар бастаған жазушылардың кестелі де  көркем тілі – барлығы да тіліміздің мәңгілігін, тазалығын, байлығын, бейнелелігін, қазақ тілінің бабалар аманат еткен ұлы қазына екенін  бәрімізге паш етіп тұр. Рухы күшті халық жасампаз келеді, өлмейді. Ата – бабаларымыздың толарсақтан саз кеше жүріп, болашақтың қамын жеуі, осыншама ұланғайыр жерді  ұрпағына, бүгіңгі біздерге, көзінің қарашығындай сақта деп мұра етіп қалдыруы осы рухтың күштілігінен. Ал, рухтың негізі де, қуаты да – тіл. Тіл – ұлттың үні.
Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, тiлдердi қолдануға және дамытуға қатысты Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. Тіл туралы заңдар Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады. 4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi.  Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi.   Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға; Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.
Ұрпақ сабақтастығы жалғасуда. Біздің маңдайымызға Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық келбеті мен елдік нышандарын қалыптастырудағы тарихи  қадамдардың куәсі болу жазылыпты. Осындай бақытты да, жауапты  кезеңнің куәгерлері  біздер үшін аманат арқалайтын сәт келді. Сондықтан бай тілді, бар тілді қор қылу, жоқ қылу – біздің азаматтығымызға сын, қазақтығымызға мін.
Даудың түйінін шешер, әлсіздің қамқоршысы, шыншылдың жақтаушысы болған шешендердің тіл табиғатын терең меңгеріп айтқан лебіздері бүгіңгі құқық қорғаушыларға  өнеге мектебі болуға тиіс. Бүгіңгі заң оқуын бітіргендердің  көбі өз тілінде ойлауға олақтау, сондықтан өз тілінде сөйлеуге де шолақтау толып келуде. Әр ұлт өзінің ең асыл қасиеттерін адамзатқа ортақ қазынаға айналдыруы тиіс.  
Сондықтан қазақтың тілі Қазақстанда толық салтанат құрмай, тәуелсіздіктің баянды болуы мүмкін емес!
 
 
Құрманғазы аудандық
сотының кеңсе бас маманы:                                                                                                              Муфтахова Ж.С