Атырауда тұрғын үй модернизациясына арналған 18 млн теңгені жымқырғандар сотталды
Атырау қаласының № 2 сотында «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің бас есепшісі, «EuroMobile Қазақстан» ЖШС-нің директоры және «Кенесов М.М.» жеке кәсіпкерлігі басшысына қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, сотталушы М. өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқыру мақсатында «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-де бас есепші бола тұра, сыбайластарының көмегіне жүгініп, тұрғын үйлерді модернизациялау мемлекеттік бағдарламасына араналған 18 288 465 теңгені қолды еткен.
Сотталушы М. «Интернет-банкинг» бағдарламасы арқылы ЖШС-тің ақша аудару құпия кодын біле тұра, бірнеше рет «Нұрбанк» АҚ-ның қызмет көрсетуінде тұрған ЖШС-тің есепшотындағы қаражатты өзінің жандайшаптарының есепшоттарына аударған. Кейін, ақша сомасын қолма-қол түсіріп, өзара бөліскен.
Сот үкімімен бас есепші Қазақстан Республикасының ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 2)тармағымен (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) кінәлі деп танылып, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңын қолдану арқылы 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ. ЖШС-тің директоры мен жеке кәсіпкер ҚК-тің 28 бабының 5 бөлігі, 189 бабының 4 бөлігі 2 тармағымен (Көмекшілердің сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) кінәлі деп танылып, оларға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жаза өтеу орны ретінде жалпы режимдегі түзеу колониясы белгіленді. Сот азаматтық талапты қанағаттандырып, сотталушылардан келтірілген шығынды өндірді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.