А.Қалимұқашева - судья суда №2 города Атырау "Ынтымақтың ұйытқысы - Ата Заң"// газета "Заң газеті"

Версия для печатиВерсия для печати

Ынтымақтың ұйытқысы – Ата Заң

Тәуелсіз мемлекетіміздің әр жылы өзінің жағымды жаңалықтары, маңызды оқиғалары, салтанатты сәттерімен есте қалып келеді. Биылғы жылда Қазақ елі үшін маңызды сәттерге толы, өйткені жыл басынан бері барша халық болып тамыры терең тарихымызды ұлықтап Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға бел будық. Одан кейін тойымыз тойға ұласып Қазақстан халықтар Ассамблеясының 20 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын өз мәресіне салтанатпен жеткізуге ат салысып жатырмыз. Расыменде биылғы жыл мерейлі даталар жылы деп айтсақ қателеспес едік. Алда тағы бір мереке, ел өміріндегі маңызы зор, басты оқиғаларының бірі — Ата Заңымыз — Конституциямыздың 20 жылдығы. Баршамыздың тағдырымыз тізілген бұл құжат тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі, тұрақтылық пен келісімнің, бейбітшілік пен жасампаздықтың айқын бейнесі іспеттес.

1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданған бұл маңызды құжат, 5 қыркүйекте өз күшіне енді. 9 тараудан, 98 баптан тұратын Конституция мемлекеттік құрылыстың негізін қалыптастырушы күшке ие болды.  Оның ең басты ерекшелігі — тәуелсіз Қазақстанның екінші Конституциясы болуы.

Ата Заңның арқасында Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды. Өткен 20 жыл ішінде қоғам мен биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуде Конституциялық принцип және оның нормасы еліміздің тәуелсіздігін, экономикалық реформасын нығайтудың басты құралына айналды. Елде заңдылық пен конституциялық тәртіптің салтанат құруы негізгі қағидаға айналды. Заңдылықты бұлжытпай орындау немесе сақтай білу жауапкершілігі – Қазақстанның тұрақты дамуына жағдай жасай отырып, мемлекетіміздің өзекті деген бағыт-бағдарындағы барлық құқықтық қызметтің өркен жаюына жол ашып берді. Ал әрбір азамат өзін мемлекет міндетті түрде қорғай алатынын нық сезінді, Конституциялық заңдылық азаматтар мен адамдардың құқығына және бостандығына нақты кепілдік беретініне кәміл сенді.

 

Ел егемендігін алғаннан берідегі уақыт ішінде Конституциялық және құқықтық жүйені эволюциялық тұрғыда сатылап реформалау нәтижесінде мемлекеттік биліктің теңгерімді де тиімді жүйесі қалыптастырылды.

 

Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық, халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асыратындығы, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға беретіндігі, Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайтындығы, билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланатындығы, халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге республика Президентінің, сондай-ақ Парламенттің де құқығы бар екендігі, республика Үкіметі өзіне берілген өкілеттіктер шегінде ғана мемлекет атынан билік жүргізетіндігі Ата заңның 3 бабында айтылған.

Конституция бойынша еліміз­дің басқару билігінің үш түрі – заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің құзыреттері нақтыланған. Биліктің заң шығарушы тармағы – Парламент, атқарушы тармағы – Үкімет, сот билігін тек қана сот жүзеге асырады.

Ел Конституциясына сәйкес, сот  жүйесі органдары ел дамуына, азаматтардың әлеуметтік ахуалын реттеп, құқықтық көмек көрсетуге қызмет жасайды. Конституцияда Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп бекітілсе, бұл – Ата Заңымыздың бұлжымайтын темірқазығы 20 жыл ішінде өзгерістер мен толықтыруларға талай түскен Конституция, өз мәнін жоғалтқан емес.

Елбасымыз «Қазақстандық жол» атты кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол Егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ, біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да кімде-кім еліміздің негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек» — деген болатын.

Әрбір ел өзінің дамыған мемлекетін қалыптастырамын десе, ол елдің міндетті түрде бұлжымас Конституциясы болуы керек деп ойлмаймын. Қазақстан Республикасы әлемдік аренада Тәуелсіз ел ретінде қадам басқан жылдары өзінің Конституциясын бекітті. Бұл сол кезде үлкен тарихи әрі саяси маңызы терең айтулы оқиға болып еді. Конституция мәтінінде, «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген, Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркін, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдадық» делінген, содан бері, біз өзіміздің таңдап алған жолымызбен, барша әлемге бейбітшілік пен тұрақтылықты үндеген ел ретінде танылып келеміз. Қашан да Конституция – біздің тірегіміз, қадірлеп-қастерлейтін асыл құндылықтарымыздың бірі.

Конституция - Қазақстан Президентінің бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы, мемлекеттік билік пен басқаруды жүйелеудегі, түрлі саладағы түбегейлі реформаларды орындаудағы, демократиялық институттарды дамытып, әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асырудағы нық қадамдарының берік тұғырнамасы.

Ата Заңның принциптері мен ұстанымдарына сәйкес, қол жеткізілген табыстар мен болашақ мақсаттар, әсіресе, Елбасы ұсынған 5 институционалды реформа мен Қазақстан халқының назарына аталған реформаларды жүзеге асырудың «100 нақты қадам - Ұлт жоспары»  халықтың тағдырында маңызы зор. Елбасының «Мәңгілік ел» жолындағы стратегиялық тапсырмаларын сапалы заңнамалық қамтамасыз ету бағытында атқарылуы тиіс жұмыстарды ел болып атқару баршаға міндет.

… Сөйтіп Конституциямызға да 20 жыл толды! Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, елдігіміздің еңселі болуын заңдық тұрғыдан қамтамасыз ететін басты құжаттың болуы рухани топтасуымызға, алғы күндерге сеніммен ұмтылуымызға намыс пен жігер, күш пен қайрат беретіні сөзсіз.

Айгүл Қалимұқашева,

Атырау қаласының №2 сотының судьясы