А.Ташенова "Жаркын болашакка 100 кадам" // "Мунайлы Астана"

Версия для печатиВерсия для печати

Бүгін таңда еліміздің басты мерзімді басылымдарынан, теле жобаларынан, ғаламтор беттерінен Елбасы ұсынған 5 институционалды реформаны жүйелі жүзеге асыру тұрғысында 100 нақты қадам жоспарын жан – жақты насихаттауға және талқылауға, алға қойылған айқын мақсаттарды бұлжытпай орындауға барша халық атсалысып жатыр.

100 нақты қадам - барлығына арналған жаңа заманғы мемлекет атты ұлт жоспары, бұл  әлемдік дағдарыс уақытында біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге берген жауабымыз. Елбасы «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVI съезінде «жаңағы 100 нақты қадам дегеннің ішінде барлығы жасалған. Әр салада 20 қадамнан болғанда, 100 қадам болады. Сондықтан бастарыңды қатырып керегі жоқ. Бірақ та өздерің шығармашылық жағынан қарап, әрі қарай дамытсаңдар жұмыс болады. Жұмыс оңай емес. Бұрын-соңды жасалмаған, халықтың, биліктің психологиясын өзгертейік деп отырмыз» - деді.  Расында да бүкіл қоғамның өміріне белгілі бір мөлшерде әсер ететін бұл жұмыс оңай шаруа емес, десекте әр ұлтжанды өз еліне деген сүйіспеншілігі мол азамат мемлекеттің көркейе түсуіне өлшеусіз үлес қосады деп ойлаймын.

Жоспардың әр қадамдары белгілі бір өмір саласының даму жүйесіне бағытталған, соның ішінде заңның үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау органдары алдына қойылған басты мәселесі. Қазақстан Республикасының сот жүйесінде биылғы жылдан бастап жаңа тамырлық реформалар жүргізіліп, жаңа технологиялық өзгерістер орын алып жатыр.
Соның бірі ретінде ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген еліміздің жаңа қылмыстық-процестік заңнамасында алғаш рет тергеу судьясы ұғымы енгізілді. Бұл елбасының сайлау алды айтқан 5 реформаны жүзеге асыруға байланыстырған 100 қадамның  жиырма екінші қадамында көрсетілген, яғни адамның және азаматтардың конституциялық құқық шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттілікті тергеу судьясына біртіндеп  беруді қамтамасыз ету арқылы сотта айыпталушы және қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету керек делінген.

Тергеу судьясы-тек қана сотқа дейінгі іс жүргізу барысында Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінде көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыратын 1-ші сатыдағы сот судьясы.Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында прокурорлық қадағалаумен қатар тергеу судьясы институтын енгізу арқылы сот бақылауын жүргізу азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының мемлекет тарапынан қорғалуына тиімді әсерін тигізетіні сөзсіз.

Тергеу судьясының өкілеттіктері  Қазақстан Республикасының қылмыстық процесстік заңнамасында нақты айқындалған. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында тергеу судьясы қылмысқа қатысты деп танылған азаматтарды күзетпен ұстауға, үйқамақта болуына, лауазымынан уақытша шеттетуді, жақындауға тыйым салып, экстрадициялық қамақта ұстауға, кепілді қолдануға тағы да басқа санкциялар береді.

Тергеу судьясы ұғымы енгізілген сәттен Атырау қаласының №2 сотының өндірісінде тергеу судьясымен соңғы бес айда 162 материал қаралған, оның ішінде күзетпен ұстауды санкциялау  жөнінде 81 өтініш түскен, үйқамаққа санкциялау бойынша 1, экстрадициялық қамақты санкциялау бойынша 1 өтініш қаралған. Сондай-ақ күзетпен ұстау мерзімдерін ұзарту туралы өтініш саны 22 болса, күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау мәселелері бойынша өтініш саны 18 –ге жеткен. Мүлікке тыйым салу бойынша 6, анықтаушының немесе тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне және шешімдеріне жасалған 18 шағым келтірілген.

Cотқа дейінгі іс жүргізу барысында жәбірленуші мен куәнің айғақтарын сақтауға қоя алатын да, покурордың ұсынуымен қылмыстық іс бойынша процестік шығындарды өндіріп алу туралы мәселені қарайтын да тергеу судьясына өкілеттілік берілген.

Статистикалық мәлеметтерден көрінгендей көпшілік жадағаттар тергеу судьясымен күзетпен ұстауды санкциялау туралы өтініштер  ретінде қаралған.  Заңға сәйкес бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау тек судьяның санкциясымен және заңмен кемінде бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмысты жасады деген күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты ғана қолданылады. Айрықша жағдайларда бұл бұлтартпау шарасы, оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты жері болмай, жеке басы анықталмаса, бұрын оған қатысты таңдалған бұлтартпау шарасын, процестік мәжбүрлеу шарасын бұзған жағдайда немесе қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынса тағы да сол сияқты айыпталатын, сотталатын адамға қатысты қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар, бұрынғы қолданыста болған Қылмыстық іс жүргізу кодексінде судья күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қаулы шығарған кезде кепіл мөлшерін айқындауға міндетті деген талап қарастырылмаған еді, ал қазіргі қолдданыстағы кодексте бұл талап көрсетілген болса, алайда  төмендегі істер бойынша кепіл   белгіленбейді. Атап тоқталғанда, аса ауыр қылмыстар бойынша, адамға жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қылмыс жасалған болса,  қылмыстық топтың құрамында қылмыс, өзге де террористік және экстремистік қылмыстар жасады деп күдік келтірілген немесе айып тағылған болса, күдікті, айыпталушы сот ісін жүргізуге кедергі жасайды немесе тергеуден және соттан жасырынады деп пайымдауға жеткілікті негіздер бар болған жағдайда.

Күдікті, айыпталушы не басқа тұлға кепілді кез келген уақытта соттың күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қаулысында белгіленген мөлшерде енгізуге құқылы.

Жаңа Қылмыстық – процестік кодекске енгізілген жаңалықтар халықтың сотқа деген сенімінің артуына, соттың өкілеттіктерінің кеңеюіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сот тарапынан халықаралық стандарттарға сай барынша қорғалуына кепілдік беретіндігін айқындайды. Бұл дегеніміз Елбасы қойған мақсаттарды айбыройлы атқаруға мүмкіндік беретін, елдің құқықтық дамуын жаңа деңгейге көтеретін серпілістер.

Заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында әр қадамымыз қарышты бола түссін.

 

Атырау қалалық №2  сотының төрайымы

Ташенова Айгуль Куанышевна