

«ЕКІ АЯҚТЫ ҚАСҚЫРЛАР» ЕРКІНСІМЕСІН ДЕСЕК
Қазіргі таңда мал ұрлығы қоғамдағы ең өткір, ең өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Оған қатысты заңды қаншама күшейткенімен, оңай олжа табуға ұмтылған «екі аяқты қасқырлардың» саны азаяр емес.
Төрт түлік мал – қаймана қазақтың азығы, тіршілік табар нәпақасы. Өкінішке қарай, қысы-жазы сол малдың бейнетін баққандар көргенімен, қызығын басқалар пайдалануда. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп отырған ауылдағы ағайынның қорадағы қойын, өрістегі малына «жиендік» жасайтындар ұят, обал, қиянат дегенді мүлдем ұмытқан сықылды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2019 жылы мал ұрлағандарға берілетін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Осыған байланысты Қылмыстық кодекске жеке 188-1-бап енгізіліп, мал ұрлығы бойынша қатаң жаза қарастырылды.
Мал ұрлығының өршуіне жұмыссыздық, ет өніміне деген сұраныстың көбеюі, ет бағасының өсуі де өз әсерін тигізуде. Қазір не көп, ет сататын базарлар, арнайы дүкендер көп. Әрине, олар малды өздері өсіріп, семіртіп, бордақыламайды. Көп жағдайда ет сырттан келеді. Заң бойынша егер біреу өз малын сататын болса «Форма-1» анықт амасы беріледі.
Анықтамаға малдың сырға нөмірі, мал тиейтін көлік нөмірі барлығы толықтай жазылуы тиіс. Мұны жергілікті жерге қарасты барлық округтен алуға болады. Ал етке тапсыратын малға ветеринариялық зертханадан сараптамалық актісі болуы шарт. Ең басты талап – мал арнайы мал сою цехында сойылуы қажет.
Мал ұрлауды бизнеске, табыс көзіне айналдырып, қылмысты ұйымдасқан топ болып жүзеге асыратындар көбейіп кетті. Өткен жылы бірнеше мәрте мал ұрлап, ұсталған Қ.Б. мен Д.У.-ға қатысты істі қарадым. Процесс барысында сотталушылардың алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып бөтеннің малын мал қораның ішіне кіріп бірнеше рет ұрлап, сатқандары қылмыстық іске тіркелген процестік әрекеттің хаттамаларымен және өзге де құжаттармен толықтай дәлелденді.
Сотталушылар барлық эпизод бойынша тағылған айыппен және қойылған азаматтық талаппен толықтай келісіп, жасаған іс-әрекеттеріне шын ниетпен өкінетінін, енді қайталап қылмыс жасамауға уәде беретінін, жәбірленушілерден кешірім сұрайтынын, барлық эпизод бойынша жәбірленушілердің кешірім бергенін, оларға келтірілген мүліктік залал толық өтелгенін айтып, жеңіл жаза тағайындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сот оларды ҚК-нің 188-1-бабы 3-бөлігінің 1), 2) тармақтарымен кінәлі деп танып, әрқайсысына 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Ұрлықтың алдын алудың бірден-бір жолы – малды қараусыз, бағусыз қалдырмау. Сол сияқты, малға таңба салып, белгілеу, сырғалау, құжаттап, жергілікті жерде есепке енгізу секілді сақтық шараларын жасау керек. Жоғалған мал туралы дер кезінде полиция бөліміне хабарлау да маңызды. Мал иесі, бақташы және жергілікті әкімдік өкілі арасында үш жақты келісімшарт жасалуы керек. Мал сою цехына құжатсыз мал келсе, ондағылар бірден полицияға хабарлауы керек. Осындай сақтық шараларын бұлжытпай орындағанда ғана мал ұрлау арқылы оңай олжа табуға ұмтылғандардың жолын кесеміз.