Ср, 15/11/2023 - 19:04


Атырау облыстық сотында азаматтық істерді қарауға маманданған облыс судьяларының қатысуымен семинар өтті.
Кездесу барысында спикер Атырау облыстық сотының судьясы Сағат Хасан аталған кездесудің мақсаты жаңадан тағайындалған судьяларға практикалық көмек көрсету, азаматтық істер бойынша бірыңғай сот практикасын қалыптастыру болып табылатынын атап өтті.
Семинар барысында Қызылқоға аудандық сотының төрағасы Айдын Байназаров баяндама жасап, мұрагерлік құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды қарау бойынша сот тәжірибесі туралы айтып, Төрелік ақпараттық жүйесінде орналасқан сот тәжірибесіндегі аталған санат бойынша қаралған істерден мысалдар келтірді.
Атырау қалалық сотының судьясы Алтынай Серикова 2023 жылдың 9 айында Қазақстан Республикасы азаматының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы азаматтық істерді қарау бойынша сот тәжірибесіне тоқталды.
Баяндама барысында қаралған істер бойынша статистикалық мәліметтер келтіріп, «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына тоқталды (өтініштерді қараудың іс жүргізу мерзімдері, соттылығы, рәсімді қолданудың артықшылықтары мен салдары, рәсімдердің түрлері және т.б.). Сондай-ақ соттардың құқық қолдану практикасында, материалдық және іс жүргізу құқығының нормаларын қолдануда туындайтын проблемалық мәселелерге назар аударды.
Сондай-ақ, семинар барысында Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Алмагуль Султангалиеваның баяндамасы тыңдалды.
Судья 2023 жылдың 9 айында қаралған шарттық міндеттемелер саласындағы даулар бойынша сот тәжірибесімен бөлісіп, оның нәтижелері бойынша қатысушылар осы санаттағы істерді қарау кезінде туындайтын өзекті мәселелерді талқылады.
Іс-шара соңында С.Хасан қатысушылардың назарын сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту және азаматтық істер бойынша бірыңғай тәжірибені қолдану қажеттігіне аударды.