Қызметттегі әрекетсіздігі үшін сотталды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Атырау қаласының №2 сотында ауыр зардаптарға алып келген қызметтегi әрекетсiздiк үшін (ҚК-тің 370-бабы 4-бөлігі 1) тармағы) айыпталған ювеналды полиция бөлімшесінің кәмелетке толмаған істер жөніндегі учаскелік полиция инспекторы К.Р.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотпен анықталғаны

Азамат Н. өзінің бұрынғы жұбайының азаматтық некедегі жолдасы Қ.-ның бұның балаларын ұрғаны үшін полицияға арыз түсірген. Кейін осы арыз бойынша азамат Н. және оның кәмелетке толмаған баласы, жұбайының азаматтық некедегі жолдасы Қ. полиция учаскесіне шақыртылған. Сол жерде азамат Н. мен оның кәмелет жасқа толмаған баласы азамат Қ.-ның өзінің үйінде тапанша қаруын оқ-дәрісімен бірге сақтап жүргенін айтқан.

Алайда учаскелік полиция инспекторы К.Р. қызметтік міндеттерін адал атқармай, қару сақтау дерегі жөнінде хабарламасына немқұрайлықпен қарап, ешқандай әрекет жасамай, өзінің жұмысын жеңілдету мақсатында қызметтік әрекетсіздік танытқан.

Нәтижесінде Қ. өзінің тапанша қаруын заңсыз сақтап жүргені үшін жауапкершілікке тартылмайтындығын сезініп, сол күні сағат 22.30 шамасында Атырау қаласы, Авангард-3 шағын ауданында өзінің заңсыз сақтап жүрген қаруымен азаматтарға бірнеше мәрте оқ атқан. Осының салдарынан К., З. және И. ес жимастан оқиға орнында көз жұмған, ал Н. ауыр дене жарақаттарымен Атырау облыстық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген (бұл оқиға бойынша бөлек қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде).

Сотталушы К.Р.-дың кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, бейнежазбалармен өз дәлелін тапты.

Тараптардың позициясы

Прокурор сотталушы К.Р.-ды өмір бойына құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан және арнайы атағынан айыра отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұраған.

Сотталушы мен қорғаушы тағылған айыппен келіспей, ақтауды сұраған.

Сот шешімі

ҚК-тің 370-бабы 4-бөлігінің 1) тармағының санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Сот Р.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның асырауында жас балаларының болуын таныды. Сотталушының қабылдаған антты бұзуы жазаны ауырлататын жағдай деп танылды.

Сот үкімімен К.Р.-ға өмір бойына құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, сотталушы полиция капитаны арнайы атағынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметі