Атырау облыстық сотының өз мұражайы ашылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Атырау облыстық сотының өз мұражайының ашылғанына онша көп уақыт өте қойған жоқ. Соған қарамастан  оған келушілер саны  күн өткен сайын көбейе түсуде.

Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін  жәдігерлер мен  өте  сирек кездесетін құжаттар, фотосуреттер, тарихи деректер шын мәнінде келушілердің көзайымына айналып отыр.

Мұражайдан патшалық Ресей боданындағы жылдар , кешегі  кеңестік кезең, егеменді еліміздің  тәуелсіз сот жүйесі туралы  нақты да, толық мәліметер  алуға болады. Дара билікті дана билікпен ұштастырған билер соты, олардың билік айтқан кезде пайдаланған  құралдары мен киімдері, басқа да құнды  мағлұматтар белгіленген талапқа сай, талғаммен орналастырылған. Облыстық сот құрылған кезден бастап, бүгінгі күнге дейінгі төрағалардың  өмір-деректері, олардың өз қолдарымен жазылған үкімдер, ұлы отан соғысы, еңбек ардагерлерінің  орден, медалдары, мақтау, алғыс хаттары, жеке құжаттары, қызмет бабында пайдаланған  көптеген  жәдігерлер ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық.

Мұражайдың ашылуына облыстық соттың төрағасы М.Смағұлов, Судьялар одағы филалының төрағасы Б.Қадірғалиев, сот ардагерлері, бүкіл саналы  ғұмырын сот ісіне арнаған, бүгінде бақилық болған судьялар мен сот қызметкерлерінің тума- туыстары, мұражай туралы естіп, ақыл –кеңестерін берген көптеген атыраулықтар орасан зор үлес қосты.  Әсіресе,Атырау облыстық мұражайы мен мұрағаты басшылығына айтар алғысымыз шексіз.

Мұражайдың ашылу салтанатына  Қазақстан Республикасы Жоғарғы  Сотының судьясы , кезінде  осы облыстық сотқа басшылық жасаған  Қ.Шаухаровтың, белгілі қоғам қайраткері, заңгер И.Елекеевтің, Атырау облысынан  түлеп ұшқан, бүгінде  доғарыстағы судья Ғ.Мақажанованың келіп қатысуы, жиналғандарға өздері қызмет еткен жылдары туралы  естелік айтып, жүрекжарды лебіздерін білдіруі  салтанат сәнін одан әрі көтере түскені ақиқат.

Халқымызда «жоқтаушысы бар жоғалмайды» деген қанатты сөз бар.

Атырау облыстық сотының басшылығы, судьялар қауымдастығы сот жүйесінің беделін көтеруге  өз үлестерін қосқан судьялар мен сот қызметкерлерінің ерен еңбектерін ешқашан да ұмытпақ емес. Олардың есімін ардақтап, бүгінгі, келер ұрпаққа үлгі тұту -баршамыздың абыройлы борышымыз.

Атқарылған жұмыс  бүгінгі күнмен шектелмейді. Ол ары қарай өз жалғасын табатын болады.

Қайнар: 
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі