Тарихы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

titleЕгеменді еліміздің тарихында өзіндік орыны бар Атырау облыстық сотының құрылғанына 80 жылдың үстінде уақыт өткен екен. «Өткен күнде белгі көп» демекші, облыстық сот жүйесінің кешегісіне көз жүгіртіп, тарих қатпарларынан сыр тартар болсақ даналақ пен дарқандықты, көсемдік пен шешендікті қатар ұстанып , ұлылықты ұлағаттаған алдыңғы толқын - ардақты ағаларымыз бен аяулы апаларымызды аттап кете алмаймыз. 

Баршамызға белгілі 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін сот жүйесін қалыптастыруға бағытталған үш декрет қабылданды. Осыған сәйкес барлық жерлерде сот жүйелері мен революциялық трибуналдар құрылып, жұмысқа кірісті. Сот, құқық қорғау саласында пролетариат диктатурасы орнады. 1917 жылғы 5 желтоқсандағы №1Декреттің негізінде жергілікті соттар өз істерін «Ресей Республикасының атынан» шешуге кірісті. Бұрынғы ескі мекемелерді таратып, қысқарту туралы қаулы қабылданды. 

1919 жылғы 10 шілдедегі Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі Революциялық комитет туралы уақытша ереже бойынша Батыс өңірінде халық соттары және революциялық трибуналдар құру ісі қолға алына бастады. Олардың ұйымдық, атқарушылық принциптері Ресей заңдарына негізделген еді. Араға бір жыл салып, яғни, 1920 жылы 26 тамызда Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің Декретімен Қырғыз (Қазақ ) Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы құрылып, осы Декрет негізінде Әділет Халық Комиссариаты өз жұмысын бастады.Қазақ жеріндегі жаңа тұрпаттағы сот жұмысын ұйымдастыру Әділет Халық комиссариатына жүктелді.

title

1920 жылдың 21 шілдесіндегі Орал Ревкомы Президиумының шешімімен Гурьев уезі болыстарының төмендегідей тізімі бекітілді: Ақбас, Ақжал, Бестөбе,Блон, Гурьев, Есбол, Жаманқала, Жем-Атырау, Жаршық, Жем, Зеленый, Кермеқас, Қарабали, Қарабау, Қаратөбе, Қарашағыр, Қызылқоға, Самара, Сімбірті, Редут- уездері. 1920 жылдан бастап 1928 жыл аралығында бірнеше қайта әкімшілік-теорриториялық ауысулар болды. Соған сәйкес халық соттары да өзгеріп отырды.

1928 жылы 17 қаңтарда Орал губерниясы таратылып, соның құрамындағы уездер мен болыстардың ізінен Гурьев және Орал округтері құрылды. Сол кездегі Гурьев округінің жер аумағы- 84340 ш.км.. халқы - 173147 адамды құрады Алғашында округ құрамына Доссор, Жилокоса, Есбол, Қызылқоға, Новобогат, Жаманқала аудандары , кейіннен Адай округінің таратылуына байланысты Маңғыстау ауданы кірді.

1920 жылы 18 қыркүйекте Гурьев қаласында юстицияның алғашқы үйездік бюросы құрылып, жұмыс жасай бастады. Оның құзырына үйездегі әділет органдарының жұмысын қадағалау, кеңес үкіметі тағайындаған өкілдер тарапынан жасалған заңсыз әрекеттерді ұдайы тексеріп, губерниялық юстицияға есеп беру кірді. Сол сияқты үйездік халық соттарында қоғамдық айыптау мен қорғауды ұйымдастыру, жергілікті тұрғындарға заңнамалық көмектер көрсету де жүктелді. Осы жылы Орал губерниясы құрылып, бұрынғы Гурьев, Ембі үйездері ірілендіріліп, Гурьев үйезі болып аталды. Бұл аумақтарда халық сотының жаңа 7 учаскесі шаңырақ көтерді.

1920 жылдың қазан айының алғашқы онкүндігінде Орынборда өткен Қазақ АССР Кеңесінің Құрылтай сьезінде « Қазақ АССР еңбекшілері құқығының Декларациясы» қабылданды. Оның бір тарауы Ресей тәжірибелерін басшылыққа ала отырып елімізде халық соттарын ұйымдастыру мәселесіне арналды. 1923 жылы сәуір айында Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің қаулысы бойынша РСФСР Жоғарғы Сотының Қазақ бөлімі құрылып, Қазақ Республикасындағы халық соты, губерниялық сот, және РСФСР Жоғарғы Сотының бөлімінен тұратын үш сатылы сот жүйесі жұмысқа кірісті.

title

1926 жылы 18 қаңтарда Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті мен Кеңестік Халық комиссариатының Қаулысымен жоғарыдағы қаулыға өзгерістер енгізілді. Оған дейін РСФСР Жоғарғы Сотының Қазақ бөлімі қылмысты істерді ғана жүргізсе , жаңа ереже бойынша қылмыстық және азаматтық істер бойынша алқалар құрылды.

1928 жылдан бастап орысша, ішінара арап әрпінің төте жазуымен жазылып келген сот құжаттарын латын шрифтісіне көшіруге дайындық басталып, бірте –бірте толықтай көшірілді. Сөйтіп ендігі жерде барлық іс қағаздары орыс, латын шрифтерімен жазылуға көшті.

Қазақ АССР-інің Одақтас Республика болып қайта құрылуына байланысты 1937 жылы Қазақ ССР-інің Конституциясы қабылданды. Аты Заңның 7- тарауы сот органдары мен прокуратура органдарын құруға арналды.Конституция бойынша республикадағы сот ісін ұйымдастырып, жүргізуді Қазақ ССР-інің Жоғарғы Соты, жаңадан құрылған облыстық соттар мен халық соттары қолға алды.

Бұл жерде Кеңес үкіметінің «№1 –ші сот туралы» Декреті мен Халық соты туралы одан кейінгі жылдардағы барлық Декреттер мен Ережелерде халық соттарының іс қарау жұмыстарына жергілікті билік ұсынған халық заседательдерін міндетті түрде қатыстыру туралы тәртібі бұлжытпай сақталғанынн ерекше атап өткен жөн. Сонымен бірге , жергілікті аудандарда тұратын азаматтар халық судьяларын үш жыл мерзімге тікелей , жасырын дауыс беру жағдайында сайлады.
title

Қоғамдық-саяси өмірінің күнгейі мен көлеңкелі тұстары сабақтасып келетін 1938-1939 жылдары Қазақстан картасында жаңадан 6 облыс шаңырақ көтерді. 3 қалалық, 21 аудандық партия комитеттері құрылды.
1938 жылдың 15 қаңтарында Гурьев округін ірілендіру арқылы Гурьев облысын құру туралы шешім қабылданды. Облыс орталығы болып сол кездегі Гурьев қаласы белгіленді. Жаңа облыстың құрамына Мақат, Жылыой, Теңіз, Маңғыстау, Есбол, Бақсай аудандары кірді.

Сол жылы 24 маусымда өткен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің сайлауында Атырау өңірінен 13 партия, кеңес, интеллигенция , жұмысшы-шаруа өкілдері халық қалаулысы атанды. Олардың қатарында облысқа кеңінен танымал Қалдыбай Найманов, Сапи Өтебаев, Андрей Кузнецов, Шайхы Әбішов, Қайрош Тастайбеков, Анатолий Михайлов, Қадиша Қабдолова, Сапар Елеусінов, Қасен Байұзақов, Ұзақбай Төралиев, Өмір Бақыров, Жақсығали Қалиев, Есмағанбет Құрманалиев сынды азаматтар бар.

Облыс мәртебесіне сай басқа да құқық қорғау органдарымен бірге Гурьев облыстық соты да құрылды. Алғашқы төрағасы болып Қағирман Құлмұрзин тағайындалды. Өмірбаянында өз қолымен жазғандай , кейін әлеуметтік тегін әдейі жасырғаны үшін қудаланып, қызметі облыстық соттың кеңесішісі лауазымына дейін төмендетілді.

Одан Кейінгі жылдары облыстық сотқа 1945- 1955 ж.ж. Сидеғали Елшібаев, 1955- 1962 ж.ж. Нығымет Төлендіұлы Төлендиев, 1962-1966 ж.ж. МАдияр Молдалиев, 1966- 1970 ж.ж. Әбуәлис Шілманов, 1970-1985 ж.жУғап Тұрымұлы Тұрымов, 1985- 1987 ж.ж. Болат Тоқметұлы Тоқметов, 1987-1990 ж.ж. Қайрат Әбдіразақұлы Мәми, 1990-1995ж.ж. Х.алидолла Әділұлы Шаухаров, 1995-1996 ж.ж. Тоғжан Тасқалиқызы Кереева, 1996-2002 ж.ж.Марклен Мұхтарұлы Қамназаров, 2002-2006 ж.ж. Бектас Әбдіханұлы Бекназаров , 2006-2011ж.ж. Жақсылық Аланов, 2011-2015 ж.ж. Мұхтар Керімқұлұлы Смағұлов, 2015-2020 ж.ж. Бектұрғанов Марғұлан Жұбанышұлы, 2020-2023 ж.ж. Жұмағұлов Бауыржан Тұрсынұлы сынды абзал азаматтар басшылық жасап, әділ сот төрелігін жүзеге асыруға өз үлестерін қосты. Ал 2023 жылдың шілде айынан бастап облыстық сот төрағасы қызметін Парменов Мұхтар Абайұлы атқарып келеді.
title

Облыстық сот судьялары арасында Ленин орденінің иегері Кенжеғалиев Таушан 1909 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданында дүниеге келген. 1938 - 1970 жылдары аралығында Жылыой, Новобогат, Қызылқоға аудандарында халық судьясы болып қызмет жасаған. Еңбек жолын байдың малын бағудан бастап, колхозшы, мектепте мұғалім болған. 1938 жылы Әділет Халық комиссариатының заң мектебін бітіргеннен кейін үзбей судья болып жұмыс жасады. 1967 жылы Атырау облысы бойынша ең жоғарғы мемлекеттік награда – Ленин орденімен марапатталған бірден - бір судья.

Айтешов Қадырхан. 1948-1972 жылдары аралығында Атырау қалалық соттарында халық судьясы болған. «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген заңгері» атағына ие болды. 1912 жыл Атырау облысы Жылыой ауданында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына дейін халық шаруашылығының әртүрлі саласында еңбек етті. 1941-1946 жылдары әскери борышын өтегеннен кейін Алматы заң мектебін бітірді. Сот саласынан зейнеткерлікке шықты.

Ғұбашева Күнжан Сейдіахметқызы 1982- 1989 жылдары аралығында Атырау облыстық соты төрағасының азаматтық істер жөніндегі орынбасары болып жұмыс жасады. «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген заңгері». 1941 жылдың 18 наурызында Қостанай облысы Семизор ауданы Ноғайкөл селосында дүниеге келген. 1971 жылы Киров атындағы Қазақ Мемелекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Қостанай және Ресей Федерациясының Астрахань қалаларында әртүрлі қызметтер жасағаннан кейін, 1966 жылы Гурьев қалалық сот мәжілісінің хатшысы ,

1968 жылдан облыстық соттың аға консультанты, 1973 жылдан бастап облыс прокурорының көмекшісі, 1978 жылдан облыстық соттың мүшесі, 1982 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін облыстық сот төрағасының азаматтық істер жөніндегі орынбасары болып жұмыс жасады.
title

Тұрымов Уағап Тұрымұлы 1977 жылы "Қазақ ССР еңбек сіңірген заңгер", 2002 жылы "Құрметті судья" атағына ие болған. 1943 жылы Ұлы Отан соғысынан кейін оралғаннан соң әр салада түрлі қызметтер атқарған. 1946-48 жылдары Алматы заң мектебін бітіргеннен кейін Атырау қаласы №2 сот участігінің халық судьясы болып қызмет бастаған. Кейін Жылыой аудандық сотының судьясы, "Казахстаннефть" бірлестігінің заңгері, адвокаттар алқасының төрағасы, Атырау қаласы №2 сот участігінің судьясы, қалалық халық сотының аға судьясы, облыстық сот мүшесі, облыстық сот төрағасының орынбасары, облыстық сот төрағасы қызметтерін атқарған. Соңғы шыққан. қызметтен зейнеткерлікке шықты.

Сот ардагерлері Өтеген Мырзалиев, Сәттіғұл Бекжанов, Мұханбетжан Елеуов, Шағимардан Дәурешов, Уағап Досжанов, Сағат Смақов,Әділгерей Қайнарбаев,Бердеш Ахметов, Ж.Мусин,Құмар Мұханбетов, Қалық Сабырғалиев, Қалыш Тілеуғалиева, Жұмағыз Тәжиева, Қалиса Исмова, Жаңыл Мұратова, Бәтима Әшенова, Альевтина Такорьян, Сағитжан Өтеалиев, Несібелі Әшенова Санақ Слиханова және басқаларының есімдерін кейінгі ұрпақ орынды мақтаныш тұтады. Аттары аталған сот ардагерлері соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру , тың игеру, одан кейінгі жылдары да өз салалары бойынша әділдіктің үстемдік құруы жолында ерінбей еңбек етіп, ел құрметіне бөленді.

Сонау сексенінші жылдардың орта тұсында жастардың демократиялық шеруінен бастау алған ұлы мұрат, тәуелсіздік таңы атқан 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған Тәуелсіздік декларациясы Отанымыздың жаңа тарихын бастады.
title

Желтоқсанның ызғарлы күндері мен аязды түндерінен басталған осы ұлы өзгерістерге қазір сабырмен көз салатын болсақ, онда халқымыздың сын сағаттардағы ұстамдылығы мен шыдамдылығын, Елбасының зерек саясатына сенім артып, тапшылық пен жоқшылыққа, аумалы-төкпелі уақытты жеке бастарына пайдаланған кейбір пысықайлардың кесірінен орын алып келген әлеуметтік теңсіздіктерге мойымай, қиындықтарды ақылмен жеңе білгенін көреміз. Еліміздің егемендігін еңселі етумен қатар, шын мәніндегі тәуелсіз сот жүйесінің қалыптастыруда батыл қадамдар алынды.