"Ел құрметіне бөленген есімдер" - Атырау қаласының №2 сотының судьясы Зауре Қазақбай, "Заң газеті", №48, 17.06.2022

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

ЕЛ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН ЕСІМДЕР

Кәсіби мерекенің сол саладағы әрбір маман үшін орны бөлек. Біріншіден, кәсіби мейрам сот саласының мәртебесін көтеруге септігін тигізсе, екіншіден, өзгелердің сол мамандыққа деген қызығушылығын, ынта-ықыласын арттырады.

Заң шығарушы, атқарушы және сот билігі мемлекеттік биліктің үш тармағы болып табылады. Мемлекет атынан төрелік ететін сот билігі еліміздегі заң үстемдігін қамтамасыз етеді. Сотқа жүгінген тараптарға қатысты әділ шешім шығарып, мемлекеттің қауіпсіздігін тікелей қамтамасыз ететін құзыретімен ерекшеленеді. Осындай міндеттерді абыроймен орындау үшін республика соттарында үнемі реформалар жүргізілуде. Ел Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауларының қай-қайсысында болмасын, сот саласының жұмысын жандандыруға, жариялылықты, қолжетімділікті, ашықтықты қамтамасыз ету мәселелеріне әрдайым көңіл бөлінеді. Өйткені, тұғыры мықты заң болмаса, сот шешімдерінің орындалуы пәрменді болмай, еліміздегі түрлі жағдайларда туындайтын әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелердің түйіні дер кезінде тарқатылмайды. Сот билігі өз үкімін әділ, мүлтіксіз орындата алуымен құнды. Егер судьяның шешімі мен үкімі орындалмай, түлкі бұлаңға салынса халықтың сотқа деген сеніміне селкеу, соттың беделіне көлеңке түседі.

Алқабилер сотының енгізілуі, медиацияның дамуы, сот сатыларының оңтайландырылуы, судьяларға істерді компьютердің көмегімен автоматты түрде бөлу, «Сот кабинеті» бірыңғай сервисі, «Төрелік» жүйесі, заманауи технология игіліктерін сот жұмысына пайдалану бағытында қолға алынған осындай оң шаралар көптің көңілінен шығып отыр.

Түрлі деңгейдегі қылмыстық істерді онлайн режимінде қарау сот қызметін үздіксіз атқаруға мүмкіндік берді.

Енді сәл-пәл тарихқа шегініс жасап көрелік. 1957 жылы Гурьев ауданы қайта құрылуына байланысты Гурьев аудандық халық соты да өз қызметін бастады. Халық сотының алғашқы төрағасы болып Кейкин Қойшы тағайындалды. Ол Балықшы аудандық халық сотының төрағасы болып 1957 жылдан 1965 жылға дейін атқарды.

1961 жылы Гурьев аудандық халық сотының атауы орталығы Балықшы кенті болғандықтан, Балықшы аудандық халық соты болып өзгертілді.

Ал 1964 жылдың қазан айында Балықшы ауданы қайта құрылып, аудандық халық соты Балықшы аудандық халық соты болып аталды.

1966–1972 жылдары аралығында Балықшы аудандық халық сотының төрағасы қызметін Шоңғарин Тастанбек,1972–1974 жылдары Сарғожин Теміржан, 1974–1987 жылдары Мырзалиев Өтеген, 1986–1988 жылдары Шағимардан Даурешов атқарды. Бұдан кейін Балықшы ауданы Гурьев қаласына қосылып, Балықшы аудандық халық соты Гурьев қалалық халық сотына біріктірілді.

1991 жылы Балықшы аудандық халық соты қайта бөлініп, сот төрағасы қызметіне Нұрышев Қамбар тағайындалып, 1996 жылға дейін төрағалық етті.1996–2002 жылдары Балықшы учаскелік сотына Иманғалиев Ерболат басшылық етті. 2001 жылы Балықшы ауданы Атырау қаласына біріктіріліп, Балықшы учаскелік сотына Атырау қаласының №2 соты мәртебесі берілді. 2002 жылдың ақпан айынан 2006 жылға дейін Атырау қаласының №2 соты төрағасы қызметін Примашев Нұрсапа, 2006 жылдың қараша айынан 2007 жылдың ақпан айына дейін сот төрағасы міндетін Габдуллин Мәлік атқарды. 2007 жылдың ақпан айынан 2009 жылдың шілде айына дейін Атырау қаласының №2 сотына Ізім Жұмабек басшылық жасады. 2009 жылдың шілде айынан 2010 жылдың наурызына дейін жаңадан құрылған Атырау қаласының №2 сотына Габдуллин Мәлік басшылық етті. Одан кейінгі жылдарда төраға қызметін Құтқожа Парасат, Ташенова Айгүл атқарды. 2017 жылдың 20 қазанындағы ҚР Президентінің №564 Жарлығымен Атырау қаласының №2 соты төрағасы болып Нағашыбаев Мейрамбек тағайындалды. Бүгінгі күні сотта 9 судья жұмыс атқаруда. Судьялармен халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ұжымдар мен мекемелерде ұдайы дәріс ұйымдастырылады. Республикалық, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен тығыз байланыс орнатылған.

№2 Атырау қалалық сотының судьялар қауымдастығы, сот қызметкерлері, доғарыстағы судьялар, сот саласының ардагерлері отыз жыл бойы күткен төл мерекемізді абыроймен, мерекелік көтеріңкі көңіл-күймен атап өтпекпіз.