"Әкімшілік әділет ізгілендіру принциптеріне негізделген" - Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Нұрбол Абдолов, "Заң газеті", №48, 17.06.2022

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Былтырғы жылдың шілде айынан бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енген болатын. Аталған кодекске сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады деп айқындалған.

ӘКІМШІЛІК ӘДІЛЕТ ІЗГІЛЕНДІРУ ПРИНЦИПТЕРІНЕ НЕГІЗДЕЛГЕН

Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелері, арыздары, өтінішхаттары мен олар ұсынған дәлелдер және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.

Судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала пікірін айтуға құқылы. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ, әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды. Яғни, сот әкімшілік істі қарау барысында белсенді болуы қажет.

Аталған кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған Азаматтық процестік кодексінде бұл заң нормасы көзделмеген болатын. АПК-ге сәйкес екі тарап тең болған, яғни сот екі тараптардан табысталған дәлелдемелерді зерттеп оларға баға беріп, шешім қабылдаған.

Қазіргі таңда жаңа кодекске сәйкес жоғарыда көрсетілгендей сот белсенді рөл атқара отырып, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.

Яғни, негізінен талап қоюшы сотқа мемлекеттік органның шығарған әкімшілік актісімен келіспейтіні туралы талап қоюмен жүгінсе жеткілікті. Сот аталған талап қою бойынша орын алған кемшіліктерді қалай жою керектігін көрсетіп, тиісті мерзім береді. Алайда, талап қоюшы сотпен көрсетілген мерзімде кемшіліктерді дұрыстамаған жағдайда сот талап қоюды лезде қайтармайды, оның себебін анықтап, қажетті жағдайда қосымша мерзім береді. Сонымен қатар, сот өзінің қарауындағы істегі құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға қақылы.

Демек, сот тараптармен табысталған дәлелдемелерді зерттей келе, әкімшілік талап бойынша өзінің пікірін айтады. Мысалы, азамат Б.Т. жергілікті атқарушы органның өзіне қатысты әкімшілік актісін даулап сотқа жүгінген. Істі қарау барысында сот жауапкермен талап қоюшыға қабылданған әкімшілік актісі негізді екені туралы нақты дәлелдеме ұсынбаған. Сот аталған мән-жайды ескеріп талап қою бойынша жауапкерге өзінің қабылдаған актісі заңды әрі негізді екені туралы нақты дәлелдеме ұсынылмауына байланысты, талап қою қанағаттандырылуға жататындығы туралы ескертеді.

Аталған заң нормасы тараптардың қойылған талап қою арызы бойынша татуласуына өзіндік себепкер.

Себебі, осы соттың алдын ала құқықтық пікірін айтуына байланысты кейбір әкімшілік істер бойынша тараптар бастапқысында татуласуға қарсы болғанымен, түбінде әкімшілік іс бойынша келісімге келіп жатады.

Соттың белсенді рөлі негізінде, яғни заң нормасына өзгерістер енгізілуіне байланысты әкімшілік сотқа табысталған талап қоюлардың 70 пайызы азаматтармен заңды тұлғалардың пайдасына шешіліп жатады.

Сонымен қатар, кодекске сәйкес сот белсенді рөлі аясында өзінің бастамасымен қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды.

Бұрын судья азаматтық соттардағы сот процесінде ұсынылған арыздарды, шағымдар немесе іс материалдары аясында баяндалған жағдайларды олардың шеңберінен шықпай зерттесе, жаңа кодекске сәйкес мұндай іс-әрекеттермен шектелмейді.

Жаңа кодексте берілген мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өз белсенділігін барынша қолданады. Яғни, судьяның белсенділігіне осыған дейін бейтараптық қағидаты кедергі болса, енді сот процестегі белсенділігі күшейе түсті.