"Қосымша жаза тағайындаудың ерекшеліктері" - Атырау қаласының №2 сотының судьясы Гульнара Даулешова, "Заң" журналы, №6/2022

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

ҚОСЫМША ЖАЗА ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Заңдылық пен құқық тәртібіне байланысты практикалық міндеттерді шешуде мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің бір тармағы болып табылатын қылмыстық заңның рөлі едәуір, ол – заң бұзушылықтың қылмыс сияқты аса қауіпті түрімен күресуге бағытталған. Бұл күресте қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамға, оның жасаған қылмыстық құқық бұзушылық түріне сәйкес жаза тағайындалады.

Қазақстан Республикасы Конституциясында барлық адам заң мен сот алдында тең, ешкім де заңды күшіне енген сот үкiмi болмай қылмыс жасауда кiнәлі деп танылуға жатпайды және қылмыстық жазаға тартыла алмайды деп көрсетілген.

Жаза дегеніміз – соттың үкімі бойынша дайындалған мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады және Қылмыстық кодексте көзделгендей, адамды құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе оларды шектеу болып табылады. Оны қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға мемлекеттік ерекше орган – сот қана үкім негізінде қолдана алады.

Қылмыстық құқық бұзушылық пен жаза – өзара тығыз байланысты құқықтық түсінік. Мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы ретінде жаза тек қылмыстық құқықбұзушылық үшін қолданылады. Жазаға тән ерекшелік – міндетті түрде жазалаудың болуы.

Жазалау дегеніміз – жазаның мәжбүрлеу, зорлау сипаты. Олар күш көрсету, моральдық, материалдық және басқадай ықпал ету арқылы жүзеге асырылады. Тағайындалған жазаның ауыр-жеңілдігі жасалынған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына және қаншалықты ауыр екендігіне, айыпкердің жеке басына және басқа мән-жайларға байланысты.

Әрбір мемлекеттік мәжбүрлеу шарасының өз міндеті, өзіне тән мақсаты болады. Жазаның мақсаты – жаза тағайындау, оны қолдану және іске асыру арқылы қол жеткізуге ұмтылатын әлеуметтік нәтиже. Жазаның нақты мақсаты Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарының алдында тұрған міндеттерден туындайды.

Жазаның мақсатын анықтау бәрінен бұрын, соттың заң қолдану қызметінде маңызды. Нақты адамға қатысты жазаның түрін, мөлшерін анықтай отырып сот жазаның заңда белгіленген мақсаттарын басшылыққа алуға тиіс. Бұл талапты елемеу – заңсыз, дәлелсіз жаза тағайындауға, әділетті емес үкім шығаруға әкеп соғуы мүмкін.

Жазаның мақсаты Қылмыстық кодекстің 39-бабында былай көрсетілген: «Жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ, сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады». Яғни жазаның мақсаты: а) әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру; б) сотталғанды түзеу; в) сотталған тарапынан жаңа қылмыстың жасалуын болдырмау (арнайы, жеке сақтандырудың мақсаты); г) басқа адамдар тарапынан қылмысты болдырмау (жалпы сақтандырудың мақсаты).

Жаза тағайындалған әрбір жағдайда осы мақсаттар бірге қарастырылуы тиіс. Жаза – мемлекет қолындағы маңызды құрал, ол арқылы мемлекет адамды, оның құқын, бостандығын, заңды мүддесін, меншікті ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, конституциялық құрылысты, еліміздің аумақтық бүтіндігін, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін, адамзаттың бейбіт өмірі мен қауіпсіздігін қылмыстық қастандықтан қорғайды. Ол қылмыстық жауаптылықты жүзеге асырудың басты формасы және қылмыскерліктің алдын алу шараларының бірі болып табылады.

Сотталушыға жаза тағайындағанда сот тек жәбір шеккен адамға ғана емес, жалпы қоғамға қатысты әлеуметтік әділеттілікті біршама болса да қалпына келтіруге әрекет жасауға тиіс.

Жалпы жазаның барлық түрі үш топқа бөлінеді: негізгі, қосымша және балама, яғни, олар негізгі болып та, қосымша болып та қолданыла алады. Жазаның негізгі түрлеріне тек өзінше бөлек тағайындалатын жазалар жатады, олармен басқаларды толықтыруға болмайды.

ҚК-нің 40-бабына сәйкес қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға берілетін негiзгi жазалар: 1) айыппұл; 2) түзеу жұмыстары; 3) қоғамдық жұмыстарға тарту; 4) қамаққа алу қолданылуы мүмкiн. Қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға тағайындалатын негізгі жазалар: 1) айыппұл; 2) түзеу жұмыстары; 3) бас бостандығын шектеу; 4) бас бостандығынан айыру; 5) өлiм жазасы қолданылуы мүмкiн. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізгі жазамен қатар мынадай қосымша жазалар беріледі: 1) мүлкін тәркілеу; 2) арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру; 3) белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру; 4) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жiберуі мүмкін. Қосымша жаза – негізгі жазамен салыстырғанда қосалқы сипаттағы жаза, ол тек негізгі жазаны өтеуді қамтамасыз ете алмайтын жағдайда қолданылады.

Қосымша жазалар: арнаулы, әскери немесе құрметті атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградалардан айыру және мүлікті тәркілеу.

Балама жазалар қатарына айыппұл салу және белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жатады, яғни, бұл жазаларды тек өзінше ғана қолданбай, ҚК-нің 40-бабында көрсетілген жағдайларда, оларды жазаның басқа түрлерімен де бірге қолдануға болады.

Қылмыстық жаза тағайындаған кезде ҚКнің 52-бабында көрсетілген жаза тағайындаудың жалпы қағидаларын бұлжытпай сақтауымыз тиіс, сондай-ақ, қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы бойынша қай санатқа жататындығын, қылмыстың қайталануын және оның түрлерiн, қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезеңін, сотталушының қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезіндегі қатысу дәрежесін, қылмыстық құқық бұзушылықтың мақсатына жету үшiн оның әрекеттерінің маңызын және келтiрiлген немесе келтiрiлуi мүмкiн зиянның сипаты мен мөлшеріне ықпалын, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығының болуын, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлардың болуын, сол қылмыстық құқық бұзушылық үшiн көзделген жазаға қарағанда неғұрлым жеңiл жаза тағайындау негiздерiн ескеруіміз қажет.

Қосымша жазалар сотталушыны кінәлі деп танитын ҚК-нің бабында белгіленген шектерде тағайындалады. Егер қосымша жаза ҚК-нің 49 немесе 50-бабының негізінде қолданылса, оның мерзімі жазаның осы түрі үшін заңмен белгіленген шектерден аспауы керек.

Қылмыстық заң бабының санкциясы қосымша жазаны қолдану немесе қолданбау мүмкiндiгiн көздеген жағдайларда, соттар оны тағайындау туралы мәселені талқылауға және қабылданған шешімнің себебін үкімде көрсетуге міндетті. Мұндай жағдайларда қосымша жазаны қолданбау үкiмнiң қарар бөлiгiнде көрсетілмейді.

Қосымша жаза қолдануды мiндеттi деп табатын қылмыстық заңның баптары бойынша адамды соттаған кезде, сот оны ҚКнiң 55-бабында көрсетiлген шарттар болған жағдайда ғана қабылданған шешімнің уәждерін үкiмде мiндеттi түрде көрсетіп тағайындамауы мүмкiн.

Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы кезінде негізгі және қосымша жазалар әр қылмыстық құқық бұзушылық үшін жеке тағайындалады, ҚК-нің 50-бабына сәйкес қосымша жазаны тағайындаған кезде дәл осындай әрекет жасалуы қажет, одан кейін ҚК-нің 58-бабына сәйкес түпкілікті жаза тағайындалады. Толық қосу кезінде жазалардың мерзімдері мен мөлшерлері ҚК-нің 61-бабының талаптарына сәйкес қосылады. Жазаларды ішінара қосу кезінде неғұрлым қатаң жазаға жеңілірек жазаның бір бөлігі қосылады. Қосылған жазаның мерзімдері мен мөлшерлері ҚК-нің 58-бабында белгіленген шектерден аспауы керек.

Мүлікті тәркілеу сотталушыны кiнәлi деп таныған ҚК-нің бабының санкциясында қосымша жаза ретінде көзделген жағдайларда ғана тағайындалуы мүмкін. Тәркілеуге жататын мүлік үкімде анық көрсетілуге тиіс. Тәркілеу сотталғанның меншігінде тұрған, заңсыз тәсілмен табылған не заңсыз тәсілмен табылған қаражатқа сатылып алынған мүлікке ғана аударылуы мүмкін.

Мүлікті, оның ішінде үшінші тұлғаларға ресімделген мүлікті тәркілеу туралы мәселені шешу кезінде соттар осы мүліктің және мүлік сатылып алынған қаражаттың шығу тегін айғақтайтын дәлелдемелерді тексеруге міндетті. Мүліктің және ақшалай қаражаттың қылмыстық жолмен табылмағаны анықталған кезде сот қабылданған шешімде уәждерді келтіріп олардың тағдыры туралы мәселені шешуге міндетті.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық атқару кодексіне қоса берілген қосымшада көрсетілген мүлікке тәркілеуді қолдануға болмайды. Егер ҚК-нің ерекше бөлімінде санкция тәркілеуді міндетті қосымша жаза ретінде қарастырған жағдайда, алайда адам қылмысты кәмелетке толмаған кезде жасаса не шартты түрде соттау орын алса, онда ҚК-нің Жалпы бөлімінің ережелері ескеріле отырып, мүлікті тәркілеу қосымша жаза ретінде қолданылмайды. Осы шешім ҚКнің тиісінше 48-бабына, 63-баптың төртінші бөлігіне немесе 81-бапқа сілтеме жасалып, сот үкімінің сипаттау-дәлелдеу бөлімінде уәжденуге тиіс. Мұндай жағдайларда ҚК-нің 55-бабына сілтеме жасау талап етілмейді.

Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру қосымша жаза ретiнде қылмыстық құқық бұзушылықты саралаған ҚК-нің ерекше бөлiгiнiң бабында жаза ретінде көзделмесе де тағайындалуы мүмкін.

Мұндай жағдайда үкімнің қарар бөлігіндегі қосымша жаза тағайындау туралы шешімде тиісінше ҚК-нің 49-бабына немесе 50-бабына сілтеме жасалуға тиіс.

Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру мемлекеттiк қызметте, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, қаржы ұйымдарында белгiлi бiр лауазымдарды атқаруға не белгiлi бiр кәсiптiк немесе өзге де қызметпен айналысуға тыйым салудан тұрады және ол бір жылдан он жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.

Сот адамды қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн соттаған кезде үкiмді шығарумен бiрге ҚК-нiң 50-бабының екінші бөлiгiнiң негiзiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң атына сотталушыны мемлекеттiк наградалардан немесе Қазақстан Республикасы Президентi тағайындаған құрметтi, әскери, арнайы атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан айыру жөнінде ұсыныс енгiзу туралы мәселені қарауға тиiс. Награданы мемлекеттік награда екенін анықтау үшін «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградалары туралы» 1995 жылғы 12 желтоқсандағы № 2676 заңын басшылыққа алу қажет.

Лауазымы бойынша мiндеттерін атқаруына немесе белгiлi бiр қызметпен айналысуына байланысты қылмыс жасаған әрбір жағдайда, ҚК-нің 50-бабына сәйкес, сот жасаған қылмыстың сипатын ескеріп, сотталушының белгiлi лауазымдарды атқару немесе нақтылы қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы мәселені шешуге міндетті. Үкiмнiң қарар бөлiмiнде лауазымдар немесе қызметтің түрі нақты көрсетiлуге тиiс. Атап айтқанда, сотталушының атқаруға құқығы жоқ лауазымдардың түрлерін анықтамай тұрып, оны қандай да бiр салада немесе қандай да болмасын мекемелерде, ұйымдарда жұмыс істеу құқығынан айыруға болмайды. Сотталушының үкiм шыққан сәтте лауазымды атқармауы немесе жасаған қылмысқа қатысты қызметпен айналыспауы аталған қосымша жазаны қолдануға кедергi болмайды.

Адамның көлiк құралын жүргiзу құқығы болған не болмаған жағдайда немесе әкiмшiлiк жаза тағайындау тәртібімен ондай құқықтан айырылған жағдайда, сот қылмыстық заңның санкциясына сәйкес оған қосымша жаза ретінде көлік құралын жүргізу құқығынан айыруды тағайындауы мүмкін.

Сот үкімі – қылмыстық іс жөніндегі бүкіл өндірістің қорытындысы шығарылатын құқықты қолданудың аса маңызды кесімі болып табылады. Конституциялық қағидаларға сәйкес, үкім Қазақстан Республикасының атынан шығарылады әрі заңды және негізді болуға тиіс.

Үкімдерді дайындаған кезде олардың нысаны мен мазмұны жөнінде қойылатын заң талаптарын сақтамау, сот үкімінің өзгертілуіне және күші жойылуына әкеп соғады.

Үкімнің мемлекет атынан шығарылуы, оның маңыздылығы судьялардан оның заңдылығы мен негізділігі үшін ерекше жауапкершілік сезінуді талап ететіні сөзсіз. Сондықтан, сот үкімін дайындағанда судья аса мұқияттық танытып, үкімді түсінікті, сауатты жазып, үкімнің құрылымы ҚПК-нің 387- 390, 393,396-398-баптарының талаптарына сай жазылып, дайындалуы тиіс.