"Референдум жаңа Қазақстанның бастауы ма?" - Атырау қалалық сотының судьясы Алтынай Серикова, "Заң газеті", № 44, 03.06.2022

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

РЕФЕРЕНДУМ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТАУЫ МА?

КОНСТИТУЦИЯҒА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗУ МАҚСАТЫНДА ЕЛДЕ 2022 ЖЫЛДЫҢ 5 МАУСЫМЫНДА ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ РЕФЕРЕНДУМ ӨТЕДІ. САНАУЛЫ КҮНДЕРІ ҚАЛҒАН САЯСИ ІС-ШАРАҒА КӨПШІЛІК ДАЙЫН БА? ХАЛЫҚТЫҚ ТАЛҚЫ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР? ҚАЗАҚСТАН КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ 33 БАБЫНА ЕНГІЗІЛЕТІН ӨЗГЕРІСТЕР ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТАУЫ БОЛА АЛА МА?

Қоғамда референдум жайындағы пікір әртүрлі. Оны БАҚ беттерінен көпшілік оқып, көріп, біліп отыр. Әлеуметтік желі мен интернеттің дамыған заманында ел өміріндегі елеулі шаралардан тыс қалу мүмкін де емес.

Азаматтық қоғамға аяқ басқан мемлекеттің ашық пікірі мен әртүрлі көзқарастарға көңіл бөлуі зайырлы ел ұстанымын білдіреді.

Бүгінгі талқы, талас тартыс та ел ертеңіне енжар қарамайтын кез келген ортадағы қалыпты қадам. Мұндай диалогтық ортада ақиқаттың айтылатыны анық. Мәселен, «Заң газетінің» 17 мамырдағы санында Алматы қалалық сотының судьясы Советхан Сәкенұлының «Жаңа Қазақстанға жаңа Конституция керек» атты мақаласы жарияланды. Мұнда өткізілейін деп жатқан референдумға байланысты үш үлкен мәселе айтылады. Онда дауыс берушілердің 33 баптағы 56 өзгерістің бірнешеуімен келісіп, бірнешеуімен келіспеген жағдайда қалай дауыс беретіні, Конституциялық Соттың құрылуы құптайтын өзгеріс болғанымен, олардың тағайындалуына Президенттің араласуы сотты тәуелсіз ете алмайтыны айтылған. Сонымен қатар, мемлекеттік тіл мәселесінің көтерілмегеніне автор өз қынжылысын білдірген. Біз саяси науқан қарсаңында тағы біраз азаматтардың пікірін білдік.

Алтынай СЕРІКОВА, Атырау қалалық сотының судьясы:

«Демократия мен заң үстемдігі күшейеді»

Республикамызда Конституциялық референдум өткізуге санаулы уақыт қалды. Егеменді еліміздің тарихындағы осынау елеулі оқиғаға белсене атсалысу – біздің әрқайсысымыздың азаматтық борышымыз. Өйткені, бұл жолғы референдум – бүгінгі Қазақстанның, болашақ ұрпақтың тағдырына тікелей әсер етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына 56 өзгеріс енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын» – деп, алдағы референдумның ең негізгі мақсат-мүддесін айқындап берді.

1995 жылдан бері, яғни 27 жыл бойы елімізде мұндай референдум өткізілмеген екен. Осы уақыт аралығында төрт рет Конституция өзгеріп, негізгі мәселелер Парламент арқылы шешіліп келді. Референдумда Ата Заңымыздың 33 бабына, яғни үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізілмек. Атап айтқанда – жер, оның қойнауы, оның қазыналары халықтың меншігіне айналып, «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен мықты Парламентке сүйенетін Президенттік басқару үлгісіне көшетін боламыз. Нәтижесінде Президент өз қолынан өкілеттіктерінің біраз бөлігін Парламентке өткізіп, Парламенттің өкілеттігін кеңейтуді жоспарлап отыр. Референдумға белсене қатысу арқылы ондағы мәселелерге үн қосып, еліміздің жарқын болашағына, жаңа өміріне қадам жасайтын маңызды сәтті көп болып қолдауымыз керек. Бұл – тарихи сәт. Енді Республика Президентінің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы болмайды.

Біздің негізгі мақсатымыз – Конституциялық реформаны мұнайлы өлке тұрғындарына мейілінше сауатты түрде жеткізу. 5 маусымда болатын жалпыұлттық референдум мемлекеттің әрбір азаматына үлкен жауапкершілік жүктеп қана қоймай, алдағы күнге маңызды қадам жасауға жол ашады. Қасым-Жомарт Кемелұлы алғаш Президент болып сайланғанда өзінің бағдарламасының негізгі өзегі етіп үш мәселені көтерді: Бірінші – халықтың әл-ауқатын көтеру, екінші – әділеттілік, үшінші – даму. Ендеше, алдағы референдумды Президентіміздің сайлауалды бағдарламаларының логикалық жалғасы деп қарауымыз керек .