8 адамға қатысты сот үкімі

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен адам өлтіру, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жәбірленушіні қасақана қазаға ұшыратқаны (ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 7-тармағы) үшін айыпталған 8 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.  

Сотта анықталғаны: 

2021 жылдың 6 тамызында Индер ауданында жәбірленуші К. сотталушы А.-ны ұрып-соғып, оған дене жарақаттарын келтірген. Бұл туралы сотталушының достары естіп, 2021 жылғы 8 тамызда сотталушылар Т., Х., Б. және У. қаладан ауылға келген.

Шамамен сағат 13.00 – де сотталушылар А., О. және куәлар М., И. жәбірленуші К.-ның үйіне келіп, оған А.-мен сөйлесу үшін ауыл сыртына шығуды ұсынған.  Басқа адамдар жөнінде білмеген жәбірленуші К. олармен сөйлесуге шыққан. Осы уақытта қалған сотталушылар Т., Ғ., Х.. Б. Ә., У.  тығылып, бұларды сырттарынан бақылап, оқиға орнына келген.

Жәбірленуші оқиға орнында А.-мен сөйлесіп тұрған кезде басқа соталушылардың келгенін және сотталушы Т.-ның көліктен тұрбамен шыққанын көріп, дереу қаша жөнелген. Осы уақытта сотталушы Т.  жәбірленушімен бұрын   ашу-араздығы болғандықтан, темір тұрбаны алып көліктен түскен. Барлық сотталушылар жәбірленушінің соңынан қуып, сотталушы Ғ. бірінші болып жетіп, оны жерге шалып құлатқан. 

Сол кезде сотталушылар Т., Ғ., О., Ә., А., Б., У., Х. жәбірленуші К.-ні ұрып-соғып, теуіп, оған ауыр, орта, жеңіл дәрежедегі дене жарақаттарын келтірген.

Ғ., О. және Т. жәбірленушіні өлтіру мақсатында, Т. темір тұрбамен оның басынан, бетінен, аяқ-қолдарынан бірнеше рет ұрып-соққан. 

Т.-ның жәбірленушіні темір тұрбамен ұрып жатырғанын көрген Ә., А., Б., У., Х. өз іс-әрекеттерін тоқтатып, оны тұрбамен ұрмауды сұраған. 

Алайда, Ғ., О., Т. іс-әрекеттерін тоқтатпай, жәбірленушіні аяқтарымен, қолдарымен, тұрбамен ұрып-соғып, оған ауыр дене жарақаттарын келтіріп, оқиға орнында тастап кеткен. 

Сол күні жәбірленуші К. ауруханаға жетпей, жолда қайтыс болған.

Сотта сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың, сотталушылардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, сараптама қорытындыларымен және заттай дәлелдемелермен өз дәлелін тапты.

Тараптардың позициясы

Прокурор сотталушы Т.-ға - 17 жыл,  сотталушы О.-ға - 16 жыл, қалған сотталушыларға - 15 жыл  мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды  сұрады. 

Жәбірленушілер прокурордың пікірімен келісіп, сотталушыларға қатаң жаза тағайындауды  сұрады.

Сотталушылар кінәларын ішінара мойындады, қорғаушы тарап олардың іс-әрекеттерін жеңіл санаттағы қылмыс үшін қайта дәрежелеуді сұрады.

Сот шешімі

Сотталушылар А., Б, Ә., Х., У.-дың іс-әрекеттері ҚК-тің 106-бабының 2-бөлігінің 5-тармағына қайта дәрежеленді, себебі олардың ниеттері мен іс-әрекеттері жәбірленушіге тек ауыр дене жарақаттарын келтіру болғаны нақтыланды.  

Сот сотталушы О. алкоголді масаң күйде қылмыс жасағанын ауырлататын жағдай деп танып, қалған сотталушылардың ауырлататын мән-жайлар анықтамады.

Жазаларын жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылар кінәларын ішінара мойындағандарын, Ғ.,Ә., У.-дың жасөспірім балалары бар екенін таныды.  

ҚК-тің 99-бабының 2-бөлігінің 7-тармағының санкциясында мүлкі тәркіленіп немес онсыз, 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. 

ҚК-тің 106-бабының 2-бөлігінің 5-тармағының санкциясында мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, алты жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. 

Алайда, заң талаптарына сәйкес, ауырлататын мән-жайлар анықталмай, жеңілдететін мән-жайлар анықталған кезде ҚК-тің 55-бабының 2 бөлігі қолданылады, онда ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінде көзделген жаза 15 жылдан, ҚК-нің 106 бабының 2-бөлігіндегі жаза 6 жыл 8 айдан аспауы тиіс деп көрсетілген.  

Сот үкімімен сотталушылар Т., Ғ., О.  ҚК-тің 99-бабының 2-бөлігінің 7-тармағымен  кінәлі  деп танылып, оларға 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушылар А., Б., Ә., Х., У. ҚК-тің 106-бабының 2-бөлігінің 5- тармағымен кінәлі деп танылып, оларға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 

Сотталғандардан жәбірленушінің пайдасына 37 000 000 теңге мөлшерінде моральдық зиян үшін өтемақы өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

 

 

Қайнар: 
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі