Прокуратураның ұсынысы заңсыз деп танылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Атырау облысының МАӘС-мен 2021 жылғы 8 қыркүйекте талап қоюшылар Б. және Ж.-ның Атырау қаласы прокуратурасының заң бұзушылықты жою туралы ұсынысының 13-тармағын заңсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырылды.

Сотта анықталғандай, Атырау қаласы прокуратурасының қаулысы негізінде Атырау қаласы бойынша МКБ РММ-і қызметіне тексеріс жүргізілген.

Тексеріс барысында прокурормен «Kaspi Bank» АҚ-на талапнама жолданып, банктен тексеру жүргізілуіне байланысты қоса тіркелген тізімге сәйкес жеке тұлғалардың банкте ашылған банктік шоттардағы ақша қозғалыстары мен қалдықтары туралы мәлімет сұратылған.

Прокуратура жүргізілген тексеріс нәтижесінде анықталған заң бұзушылықты жою туралы ұсынысын жолдаған.

Ұсыныстың 13-тармағында талап қоюшылармен қатар басқарманың бірнеше қызметкерлері мемлекеттік қызметтен тыс қызметпен айналысып, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 1,4) тармақшаларына және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабының 1-бөлігінің 16) тармақшасына қайшы іс әрекет жасап қосымша пайда көрген деп көрсетілген.

Талап қоюшылар прокуратура органының ұсынысымен, басқарманың тексеру тағайындау туралы бұйрығымен және Банктің жеке тұлғалардың шоттарынан мәліметтер беру жөніндегі әрекетімен келіспей, сотқа талап қою арызымен жүгінген.

МАӘС-ның 2021 жылғы 8 қыркүйектегі ұйғарымымен талап қоюшылардың Банкке, Басқармаға қойған талаптары ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 11) тармағына сәйкес кері қайтарылды (іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды).

Сот талапты қанағаттандырып, прокуратураның заң бұзушылықты жою туралы ұсынысының 13-ші тармағын заңсыз деп таныды.

Талап қоюшылардың талаптарын қанағаттандыруға мыналар негіз болды:

Прокуратурамен тексеріс Атырау қаласы бойынша МКБ РММ-не қатысты жүргізілген.

Жеке тұлғаларға (МКБ қызметкерлері) қатысты тексеріс жүргізу тағайындалмаған.

Сотта талап қоюшылардың прокуратурамен олардың банктік шоттарындағы ақша қозғалысы мен қалдықтары туралы мәліметтері заңсыз сұратылғаны туралы уәждері расталды, демек жауапкер өзінің өкілеттігін асыра пайдаланған. 

ӘРПК-нің 156-бабының 1-бөлігіне сәйкес, егер талап қоюшының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіге дау айту туралы талап қою негізді болып табылса және сот оның заңсыздығын таныса, онда ол толық немесе қандай да бір бөлігінде оның күшін жояды.

Бұл жағдайда, сотта талап қоюшылардың жауапкерге талап қоюы сотпен негізді деп танылды.

 Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Источник: 
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының баспасөз қызметі