Сотпен ақтау үкімі шығарылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Атырау қаласының №2 сотында қызметтік бабын пайдаланып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті, аса ірі мөлшерде иемденді деген айыппен ЖШС-нің директоры, құрылтайшысы К.-ға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті лауазымды адам бола тұра, қызмет бабын пайдаланып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде талан-таражға салды деген айыппен Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Х.-ға (ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағымен) қатысты қылмыстық іс қаралды.

Тағылған айып

К. ЖШС-нің директоры, әрі құрылтайшысы бола тұра, 2020 жылы коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай жарияланып, карантиндік шектеулер енгізіліп, қашықтықтан оқу форматына ауысуы кезінде, қызмет бабын пайдаланып, техникалық ерекшеліктерге сәйкес келмейтін планшеттер мен ноутбугтарды өткізіп, бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденген.

Х. 2020 жылы өзінің қызметтік бабын пайдаланып, оқушыларға бөлінген техникалық ерекшеліктерге сәйкес келмейтін планшет пен ноутбуктерді қабылдап, бөлінген қаражатты мемлекеттік сатып алу шарты негізінде талан-таражыға салып, мемлекетке аса ірі мөлшерде материалдық шығын келтірген. (шығын 194 205 522 теңге).

Тараптардың позициясы

Прокурор сотталушы Х. және К.-ны 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жәбірленушінің өкілі сотталушыларды кінәлі деп таныған жағдайда келтірілген мүліктік залалды өндіруді сұрады.

Сотталушылар мен қорғаушылар тағылған айыппен келіспей, ақтау үкімін шығаруды сұрады.

Сотпен анықталғаны

Сотталушыларға айып тағуға, Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің криминалистикалық бөлімінің басшысымен жасалған қорытынды, «L» ЖШС-нің жүйе инженерімен жасалған Техникалық шарттарға сәйкестігін тексеру актісі, «R» ЖШС-нің директорының орынбасарымен жасалған қорытынды негіз болған.

Алайда тергеп-тексеру кезінде жүргізілген тергеу эксперименті барысында қорытындылардың қате жасалғаны анықталып, өз дәлелін таппаған. Айыптау тарапынан сотталушылардың кінәсін дәлелдейтін басқа дәлелдемелер келтірілмеген.

Осылайша, сот отырысында сотталушылардың қызметтік бабын пайдаланып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті, аса ірі мөлшерде иемдену және талан-таражға салу фактісі өз дәлелін таппады.

Кінәсіздік презумпциясына және ҚПК-нің 19-бабына сәйкес, айыптау үкімін болжамдарға негіздеуге болмайды және ол анық дәлелдердің жеткілікті жиынтығымен расталуы тиіс.

Іс бойынша туындаған барлық болжамдар зерттелуге тиіс. Дәлелдемелердің арасындағы қайшылықтар анықталуға әрі бағалануға жатады. Сотталушының кінәлілігі жөнінде сейілмеген күдік, сондай-ақ қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдарды қолданған кезде туындайтын күмәндер оның пайдасына шешілуге тиіс деп түсіндірілген.

Соттың шешімі

Сот ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлімі 2) тармағына сәйкес, ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағымен айыпталып сотқа берілген Х.-ның және К.-ның іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты тағылған айыптан ақталуға тиіс деген тұжырымға келді.

Сот, сотталушыларлардың, қылмыстық іс жүргізуші органның заңсыз іс-әрекеттерімен келтірілген зиянды заңсыз қылмыстық қудалау үшін өтеттіру құқығын таныды.

Сонымен қатар, Атырау облыстық прокуратурасына сот жеке қаулы шығарды, осы іс бойынша тергеп-тексеру барсында жіберілген заң бұзушылықтарға Атырау облысы прокурорнының назарын аударып, болашақтам болдырмау жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажеттілігіне аударды.

Сот үкімі және жеке қаулы заңды күшіне енген жоқ.

 

 

 

Источник: 
Атырау қаласының № 2 сотының баспасөз қызметі