Атырау облыстық сотының ұжымы Боранбай Ғалиевті мерейтойымен құттықтады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Атырау облыстық сотының басшылығы, судьялары мен Соттар әкімшісінің қызметкерлері Атырау облыстық сотының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы, танымал журналист Боранбай Ғалиевті 60 жас мерейтойымен құттықтады.

1957 жылы Қызылқоға ауданының Қоныстану ауылында дүниеге келген Боранбай Ғалиев, мектеп бітірген соң Алматы шахарындағы С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмәмдаған. Кейін қосымша «заңгер» мамандығын оқып бітірген. Еңбек жолын аудандық газеттің мешікті тілшісі болып бастаған Б.Ғалиев, бір кездері «Заман Қазақстан», «Ана тілі», «Заң газеті» секілді республикалық басылымдарда тілші қызметін атқарған.  Соңғы қызметін Атырау облыстық сотында баспасөз хатшысы ретінде жалғаған. Осы салада жүріп белгілі қаламгер сот тақырыбына арналған 3 кітаптың авторы атанған.

Толайым табыстарға қол жеткізген Б.Ғалиев осы уақытқа дейін ІІ дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісімен, Жоғарғы Сот басшылығының құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын иеленген. 2016 жылғы «Атырау» газетінің жылдық қорытындысы бойынша «Атыраудың үздік авторы» атағын иеленді.

Салтанатты жиында құттықтау лебізін білдірген Атырау облыстық сотының төрағасы М.Бектұрғанов мерейтой иесінің өмірі мен еңбек жолын ғибаратқа толы екендігін айта келе, сот жүйесіне сіңірген адал еңбегі үшін күні кеше мерейгерді Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Әбдразақұлы Мәми құттықтау үшін арнайы қабылдағанын айтты. Сол кездесуде Б.Ғалиевке І дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісі табысталған .

«Сізді дүйім жұрт белгілі қаламгер, білікті де іскер қызметкер, абырой беделі жоғары, адамгершілігі мол азамат ретінде таниды және құрмет тұтады. Ғұмырыңызды сот жүйесіне адал қызмет етуге арнап, осы саланы жан  - жақты зерттеп, насихаттап жүрген еңбегіңіз ұшан теңіз. Мерейлі белесіңізде осы қалпыңыздан таймай, әрі қарай мағыналы да мәнді ғұмыр кешуді тілеймін. Шығармашылық шабыт айдынында қалықтай беріңіз.», - деді М.Бектұрғанов.

Сондай - ақ, құттықтау үшін сөз алған облыстық соттың сот алқасының төрағасы Ә.Шығамбаев пен Соттар әкімшісінің басшысы Г.Жұмағалиева туған күн иесіне зор денсаулық, отбасылық береке мен армандардың орындалуын тіледі.

Мерейлі жасты еңсерген ел ағасының иығына шапан жабылып, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Қайнар: 
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі