Арам ойын іске асыра алмады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақтөбе қаласының тұрғыны С.Т. «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп», оңай табыс таппақ ниетпен 2017 жылғы 07 ақпанда Т.Е.-мен ұялы телефон арқылы келісіп, мұнай өнімдерінің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, сақтау мақсатында бір тонна дизель жанар майын 85 000 теңгеге сатып алған. Қылмыстық жолмен сатып алған мұнай өнімдерін інісі С.Т.-нің басқаруындағы «Газель-2811sb» маркалы автокөлігіне тиеп алып, Атырау қаласына тасымалдап кетіп бара жатқанда полиция қызметкерлеріне ұсталған.

Басты сот талқылауында С.Т. кінәсін  мойындады. Оның кінәсі куәлердің берген айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және басқа да істегі құжаттармен дәлелін тапқан.

Істі қарау нәтижесінде, Атырау облысының Исатай аудандық сотының үкімімен С.Т. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 197-бабының 1-бөлігімен көзделген қылмыстық теріс қылық әрекеті үшін кінәлі деп танылып, осы баппен оған елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 113 450 теңге айыппұл жазасы тағайындалды, ҚК-нің 41-бабының 3-бөлігіне сәйкес, қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін тағайындалған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда, осы Кодекстің 43 және 45-баптарының ережелері ескеріле отырып, ол бір айлық есептiк көрсеткiш үшін қоғамдық жұмыстардың бір сағаты есебімен қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін бір тәулікке қамаққа алу есебімен қамаққа алуға ауыстырылатыны түсіндірілді.

Исатай ауданының прокурорының талап арызы қанағаттандырылып, С.Т.-ден сараптама өткізуге жұмсалған 80 461 теңге іс жүргізу шығындары мемлекеттің пайдасына өндірілді. С.Т.-ден тәркіленген мұнай өнімдері мемлекеттің пайдасына тәркіленді.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Источник: 
Атырау облысы Исатай аудандық сотының баспасөз қызметі