Ұстаз - психолог судьялар мен сот қызметкерлеріне семинар-тренинг өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судьялар мен сот қызметкерлеріне 40 жыл еңбек өтілі бар педагог-психолог, халықаралық психолог мастер-тренер, Ы.Алтынсарин атындағы  медаль иегері,  мектеп психологиясы турасында төрт кітаптың авторы Гайни Султанова  кезекті  семинар-тренинг  өткізді.

Ювеналдық сот төрағасының міндетін атқарушы Н.Искакова алғы сөзінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттар қызметінің негізгі бағыты сот төрелігін іске асыру болып табылатынын, алайда  кәмелетке толмағандар үшін сот төрелігін  атқарудың ерекшелігі оның тәрбиелік мәнінде екенін атап өтті. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соттар кәмелетке толмағандарға қатысты істерді қараған кезде тәрбие мәселелерін, отбасының материалдық жай-күйімен қатар, кәмелетке толмағандардың психологиялық  жай  күйін де анықтайтынына, дауды шешудің неғұрлым жеңіл, ойға қонымды жолын таңдау үшін заңды жетік білумен қатар, педагогикалық сипаттағы мәселелерді, балалар психологиясы негіздерін жақсы білу қажеттілігіне тоқталды.

Психолог Г.Султанова семинар-тренинг барысында судьялардың және балалармен жұмыс жасайтын сот қызметкерлерінің балалармен қарым-қатынас жасау дағдыларын білуі қажеттілігіне тоқталып, сот отырысында жауапталатын баланың сот мамандарымен  тез арада тіл табыса алатындай, балаға өз көзқарасын білдіруге толық мүмкіндік беріп, баланың мұқтаждықтары мен құқықтарына зейін қойылып, тіпті судьялар жасы кәмелетке толмағандарды жауаптаған кездегі дауыс реңкіне,  әрбір  баланы сот отырысында жауаптау ерекшілігін айтып өтті.

Семинар-тренинг соңында психолог маман судьялар мен сот қызметкерлеріне  балалармен қарым-қатынас жасай білу, балалармен  жеңіл тіл табысу дағдыларын үйретіп, психологиялық ойындар ұйымдастырып, олардың сұрақтарына жауап берді.     

Источник: 
Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі